Ақтөбе облысы, Темір ауданы,
Алтықарасу мектеп-балабақшасының
бастауыш класс мұғалімі
Смагулова Жанаргүл Дихановна
Сабақтың тақырыбы: Әдептілік-әдемілік
Мақсаты:Оқушылардың бойына жақсы әдеттерді сіңіріп жат қылықтардан аулақ болуға, үлкенді сыйлауға кішіні ренжітпеуге үйрету; адамның бойындағы ұнамды-ұнамсыз қылықтарды айыра отырып әдеп әліппесін бойына дарыту. Мақал –мәтелдер, өлеңдер үйрету, олардың мағынасын ұғындыра сөздік қорын молайту, жүйелі сөйлеуге дағдыландыру.Оқушыларды әдептілікке, әдемілікке, сыпайылыққа, мейірімділікке эстетикалық талғамдары жоғары болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі:Интерактивті тақта
Барысы:
І. Психологиялық дайындық;
-Балалар,әрқайсыларыңыз алдарыңдағы дөңгелектеріңді алып, артын аударсаңдар бір құпия табасыңдар.Ал оның сиқыры мынада:
Артындағы суреттен сендер бір-бірлеріңмен қалай сәлемдесу керек екенін көресіңдер. Егер күн бейнеленсе онда бір-бірімізге күлімдей қарайық.Алақан бейнеленсе қолымызды қысып амандасайық, жүрек болса бір-бірімізбен құшақтасайық.
-Жаңа балалар біз бір-бірімізбен қандай әрекет жасадық?
-Амандастық, сәлемдестік
-Амандасу-адамгершіліктің,әдептіліктің бір белгісі болып табылады.
-Олай болса, балалар бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы «Әдептілік-әдемілік»деп аталады. Сабағымыз ІІ бөлімнен тұрады. 1-ші бөлім «Әдептілік әлемінде»
-Абай аталарың адам болу үшін
Сүймек, сезбек, кейімек,
Харекет қылмақ, жүгірмек.
Ақылмен ойлап сөйлемек...
Ақыл керек,ес керек,мінез керек.... деген екен.
Әдептілік-адамдардың өзара жақсы қарым –қатынасының, әдемі жүріс-тұрысының ережесі.
Біздің халқымыздың әдепті де сыйластық қарым-қатынасқа ежелден-ақ көңіл бөліп келгендігі барлығымызға белгілі. Ұрпақтан ұрпаққа ауысқан бұл өнегені біз қазақтың мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерінен күнделікті кездестіреміз.Қазақ халқы дархан қонақжайлық, үлкенді құрметтеу, ағайын-туғанға бауырмалдық, аталы сөзді қадір тұтып уәдеде тұра білуге ежелден тәрбиелеген.Жас ұрпақты әдептілікке, кішіпейілдікке тәрбиелеу тұрғысындағы озық дәстүрлер қазіргі кезде де ұнамды жалғасып, бүгінгі өмірімізбен үйлесім тауып отыр.
- Олай болса, балалар, әдепті бала қандай болады екен содан бастасақ.
Суретпен жұмыс:
«Автобустағы оқиға»
-Екі суреттің айырмашылығын айт
-Ол дұрыс істеді ме?
-Үлкен кісілер не деп айтты? Қалай ойлайсыңдар?
-Балаға ат қой.
Балалар,автобуста, көшеде т.б жерлерде үлкен кісілерді көрген кезде не істеу керек?
-Қай суретте бала қылығы дұрыс? Неге?
(Балаларға сурет бойынша өз ойларын айтқызу, суретке қорытынды жасату.)
-Балалар Әдепті бала әдептілікті қайдан үйренеді?
-Кітаптан, журналдан, газеттерден,ата-анадан, мұғалімнен,театрдан,суреттерден,жақсы адамдардан, нақыл сөздерден, ұлағатты сөздерден:
-Олай болса, ата-аналарымыздан қандай әдептілік үйрендік?
Әдептілік әліппесі
Қанат:
Атам маған әмәнда
«Әдепті жан» бол деген.
Ата сөзі санамда:
Жасы үлкенге жол берем.
Алдын орап кісінің
Кесіп өтпей көлденең,
Ізетімен кішінің
Сәлемдесіп қол берем.
Нұрай:
Атам маған әмәнда
«Кішіпейіл бол»деген.
Ата сөзі санамда:
Мақтанбауды жөн көрем.
Өзгелерден өзімді
Санамаймын жоғары.
Артық айтып сөзімді
Желпінгенім жоқ әлі.
Жандос:
Атам маған әмәнда
«Әділетті бол»деген.
Ата сөзі санамда:
Жүрем тура жолменен.
Қалдыратын ұятқа
Жалған сөзге төзбеймін.
Жеткізеді мұратқа,
Тек шындықты көздеймін.
Ақыл әліппесі
1.Шұғыла:
Ата-ананың тілегі
Адам болып өскенің.
Адамдықтың тірегі,
Адал болып өскенің.
Әдептілік дегенің,
Әрқашанда керегің.
Әсемпаздық дегенің,
Әуре сарсаң әлегің.
2.Ақбота:
Спортпен айналыс,
Сұлулық сыйлаған.
Сол саған пайдалы іс,
Сауық пен кинодан.
Тәртіпті бала сүйеніш,
Төбең бір көкке жетеді!
Тәртіпсіз бала күйініш,
Төмендеп басың кетеді.
3.Сыйлап сәлем беремін,
Көршілерді көргенде.
Ізетті деп білемін,
Үйге қонақ келгенде.
Әдепсіз деп сөкпесін,
Анама айтып өкпесін.
4.Гүлсана
Кім үлкенді сыйласа,
Кім үлкенді тыңдаса.
Сыйлы болмақ,өзі де
Үлкен болған кезінде.
-Өте жақсы, енді газет-журналдардан әдептілік жайлы нелер оқыдық?
Рамазан:
Әдептілік деп-үлкенді сыйлауды, достарды, айналадағы адамдарды құрметтеуді айтамыз.Әдепті адам басқадан сыйласым күтпей-ақ алдымен өзі басқаны құрметтеп,ардақтай біледі.Көпшілікке өзінің әдептілігін көрсетеді.Сонымен әдептілік дегеніміз әдеп,әдемі, ізет,инабат, сыйласым құрмет, қамқорлық деген сөздерді білдіреді екен.Сонымен бірге бір-бірімізге кешірімді болу керек,, ол да-әдептілік.Кейде кешірімді болу керек, ол да-әдептілік.
Айсара:
Инабаттылық- әдептіліктің,әдеміліктің әсем көрінісі, қарапайымдылық,сыпайылық,тілалғыштық,адалдық ұқыптылық, жауапкершілік.Инабатты, биязы мінезді қарапайым, қамқоршы адамдарды халық нағыз перзентім деп үлгі тұтады.Сыпайы болу дегеніміз-әдеп сақтау, әдептілік үлгісін, мәдениеттілігін көрсетеді.
Айнара:
Әдеп сақтау-әдептілік, яғни мінез-құлық пен адамгершілік қарым-қатынастың қалыптасуын, эстетикалық ережесін бұлжытпай орындау. Әдептілік бұзылса, халық дәстүрі де бұзылады, ұлттық намысқа нұсқан келеді.
Қанат: Дұрыс тамақтану, мезгілді ұйықтау, ата мен ананы сыйлау-халықтық дәстүр,халықтық әдеп.Біз осы нәрселерді, адамгершілік қағидаларды сақтай білсек, ұлттық әдепті қорғай білеміз.
Ақбота:Дұрыс демалмасаң ерте тұра алмайсың, әрбір тірліктің өз уақыты бар. Оны дұрыс пайдаланудың өзі-әдептілік.
Нұрай:Аяулы ана мен ардақты әке алдында дауыс көтермей сөйлеу қажет. Ол кішіпейілділік, әдептілік болып табылады.
-Енді мақал-мәтелдерге кезек берейік.
1.Әдепті бала ата-анасын мақтатар,
Әдепсіз бала ата-анасын қақсатар.
2.Әдептілік-әдеміліктің белгісі
3.Әдепті бала кездессе, сәлем берер бас иіп,
Әдепсіз бала жолықса, өте шығар кекиіп.
4.Әдепті бала-арлы бала,әдепсіз бала сорлы бала.
5.Мейірімділікті анадан үйрен,
Әдептілікті данадан үйрен.
6.Сіз деген- әдеп,біз деген-көмек.
7.Аға әдепті болса,іні әдепті.
Әпке әдепті болса,сіңілі әдепті.
8.Әдептілік белгісі-иіліп сәлем бергені.
9.Әдептің не екенің әдепсіз адамды көргенде білерсің.
10.Әдептілік,ар, ұят-адамдықтың белгісі.
-Жақсы олай болса, балалалар, Адамды сұлу ететін не нәрсе деп ойлайсыңдар?
-Әсем ,сұлу нәрсе көргенде қандай сезімде боласындар?
-Жан сұлулығын қалай түсінесіңдер?
Сұлулық адам жанын марқайтатын, көзін қуантатын тамсантып тәнті ететін, таңырқатып сүйсіндіретін көрініс.
Айналадағы дүниенің әсемдігін түйсіну ,сұлулық пен ұсқынсыздықты айыра алуға, бағалай білуге үйрету.Көз жауын алатындай адамның әдемі, көрікті, көркем сипатын суреттеуде. Сұлулық адамның ізгі сезімдерін тербеп, көңілімен жүрегін баурап алады. «Сырты сұлуға көз қызығады, ішкі сұлуға жүрек қызығады» дегендей келесі
ІІ ші бөліміміз «Сұлулық әлемінде» деп аталады.
Жүргізуші: Бейбітова Шұғыла
Жұлдыздардың жанарында сұлулық,
Ақша бұлттың тамағында сұлулық,
Түнерген тау қабағында сұлулық,
Балбұлақтың сылдырында сұлулық-деп Шөмішбай Сариев атамыз жырлағандай 2-ші бөліміміз «Сұлулық әлемінде» атты байқауымызға қош келіпсіздер.
Бүгін бәрі сұлулық әлемінде,
Сұлу қызға баға берер көрерменде.
Сәттілікті тілеймін жеңіс үшін,
Әділдікке әрдайым сенем менде-дей келе байқауымыздың сарапшыларымен таныстырып өтейін.
1-ші сарапшымыз класымыздың үлгілі оқушысы Атағұлов Рамазан.
2-ші сарапшымыз спортты жанындай жақсы көретін Дайыров Жандос
3-ші сарапшымыз өнерлі жігіт Сұлтанғалиев Қанат
Енді байқауымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
1-ші сұлу қыз Саламатова Айсараны тамашалайық.
-Жаңа өздеріңіз тамашалап өткендей Айсараның киген киімі, жүрісі, сұлулығына не айтар едіңіздер?
Рамазан:Жаңа өзіміз тамашалағандай Айсараның сұлулығына көзіміз тоймай отыр.Қызыл көйлек өзіне тым жарасып-ақ кетеді екен.Көйлегімен, әдемі шашымен, көрікті келбетімен бәрі тамаша байланысып тұр. Өте жақсы, маған ұнады.
Жүргізуші: Жақсы, олай болса, 2-ші сұлу қыз Нұрайды тамашалайық.
- Енді Нұрайға не айтар едіңіздер?
Қанат: Бүгінгі байқауда кезекпен-кезек шыққан қыздарымызды танымай жатырмыз. Бәрі бірінен-бірі өткен сұлу. Бүгінгі киген көйлегі Нұрайдың мінезіне сай келеді екен. Өзі сары қыз болғандықтан мына киген көйлектің түсі өзін ажарландырып жіберген сияқты. Керемет!
Жүргізуші: Жақсы олай болса, бірінен-бірі өткен сұлу қыздарымызға сарапшыларымыздың баға қоюы қиынға соқты-ау деймін.
-Келесі 3-ші сұлу қыз Ақботаға не айтар едіңіздер?
Жандос:Ақботаның киген көйлегі мен басындағы қалпағы өзіне жарасып кетті. Тамаша.
Рамазан: Дұрыс айтасың Жандос. Ақботаның киген киімі,шашының әрлеуі өзіне жарасып-ақ тұр. Бірақ Ақбота жүрісін дұрыстаса деймін.Енді, үш қыздың сұлулығын ажырату қиынға соғып тұр.
Жүргізуші: Сарапшыларымыз қорытынды шығарғанша жарнама ретінде Айнараның шашты қалай өріп, шашбауды шашқа қалай әсем етіп тағу керектігін көрсету шаш үлгісі.
Жүргізуші:Сарапшыларымыздың қорытындысын тыңдайық.
Қорытынды:
Мұғалім:
-Балалар, бүгінгі сабақта барлық оқушы өте жақсы қатыстыңдар, өз ойларыңды ортаға сала білдіңдер.Сонымен қорыта келгенде, әдептілік, сыпайылық ,кішіпейілділікті біз бойымызға ана сүтімен, атаның тілінен дарытады екенбіз.Халқымыз жақсы мінез-құлқымен, өнегелі ісімен көзге түскен балаларды әдепті бала екен дейді. «Әдептілік-әдемілік» дейді халық. Әдепті болу үшін әдемілікті, сұлулықты ,жақсылықты сезініп, оны бағалап,, әсерленіп сол жақсылыққа ұмтыла білу қажет.